Көп адам «сюрвейер» деген сөзді жүк зақымдалып келген күні, сақтандыру компаниясы «алдымен тексеру керек» дегенде ғана естиді. Сюрвейер кім, не істейді және оны қашан шақырады, осыны түсіндіріп берейік.
Сюрвейер кім?
Сюрвейер — сақтандырылған жүкке бірдеңе болғанда оқиға орнына баратын тәуелсіз маман. Ол жүкті, қаптаманы, көлікті және құжаттарды қарап шығады, зақым мен жағдайды тіркейді, не болғанын және неге болғанын анықтап, шығынның мөлшерін бағалайды. Жұмысының қорытындысы — сюрвейерлік есеп. Сақтандыру компаниясы өтемақы мәселесін осы есепке қарап шешеді.
Сақтандырушы көбіне жүктен алыста, кейде басқа елде отырады. Сюрвейер оның оқиға орнындағы көзі сияқты: сақтандырушы өзі көре алмайтынды көріп, есепке қарап шешім қабылдауға болатындай етіп жазып береді.
Сюрвейерді кім шақырады?
Осы жерде көп адам шатасады. Жүк алушы әдетте сюрвейерді өзі іздемейді. Тәртіп мынадай: алушы зақым туралы өз сақтандыру компаниясына хабарлайды, ал сақтандыру компаниясы сюрвейерге тапсырма береді. ADS Inspection & Consulting сақтандыру компанияларының, сақтандыру брокерлерінің және P&I клубтарының тікелей тапсырмаларымен жұмыс істейді.
Жүк иелері де бізге тікелей жүгінеді, мысалы жүкті жөнелтпес бұрын жөнелтушінің қоймасында тексеру үшін.
Сюрвейер қашан керек?
- жүк зақымдалып, суланып немесе толық емес келді;
- тез бұзылатын жүк бүлініп келді, жолдағы температура режимін тексеру керек;
- жүк қоймада не терминалда ұзақ тұр, оның жай-күйін тіркеу керек;
- жүкті жөнелтпес бұрын оның және қаптамасының жай-күйін растау керек;
- өнеркәсіп, энергетика, теңіз немесе офшорлық жобада сақтандырушы негізгі операциялардың тәуелсіз бақылаумен жүргенін қалайды;
- сақтандырушыға қойманы сақтандырар алдында оның тәуекелдерін бағалау керек;
- көлік құралын тексеру керек;
- жел турбиналарының бөлшектерін, яғни қалақтарды, мұнараларды және гондолаларды тасымалдап, портта қайта тиейді.
Сюрвейер орнында не істейді?
Сюрвейер жүкті, қаптаманы, пломбалар мен таңбалауды, көлікті не контейнерді және сақтау жағдайын қарайды. Бәрін ілеспе құжаттармен салыстырып, жалпы көріністен бастап зақымның жақын кадрына дейін суретке түсіреді. Суретті артығымен түсіруге тура келеді: орнында қай деталь басты болатыны әлі белгісіз, ал кейін сол жерге қайта оралу көбіне мүмкін емес. Жүкті бөліп әкетеді, көлік келесі рейске кетеді.
Сюрвейер жанында болған адамдармен де сөйлеседі: алушымен, жүргізушімен, қойма қызметкерлерімен. Олардың түсініктемесі де есепке кіреді, бірақ сюрвейердің өз көзімен көргенінен бөлек жазылады.
Нәтижені қанша күту керек?
Тексерудің алдын ала нәтижесін клиентке бірден оқиға орнынан жібереміз. Сонда сақтандырушы жүкпен не істейтінін және претензияны қалай жүргізетінін апталап күтпей, бірден шеше алады.
Толық сюрвейерлік есеп әдетте екі-үш аптада дайын болады. Осы уақытта көргеніміз көлік және коммерциялық құжаттармен, бағытпен және тасымал шарттарымен салыстырылады, қажет болса заңгерлеріміз қосылады.
Жүк зақымдалып келсе не істеу керек?
Сюрвейер келгенше көп нәрсе алушыға байланысты. Тексеруге дейін жүкті толық түсірмеуге тырысыңыз және оны тұрған күйінде суретке түсіріңіз. Пломбаны алмас бұрын суретке түсіріп, нөмірін жазып алыңыз. Зақымдалған қаптаманы кедергі болса да лақтырмаңыз: су қайдан кіргені не жүкке қай жерден салмақ түскені көбіне соған қарап көрінеді. Ескертпелерді тікелей көлік құжаттарына жазыңыз және сақтандыру компаниясына мүмкіндігінше тез хабарлаңыз.
Сюрвейер неге тәуелсіз болуы керек?
Сюрвейердің есебі барлық тарап сенгенде ғана мәнді: сақтандырушы да, алушы да, тасымалдаушы да. ADS — қазақстандық компания. Біз шетелдік фирманың филиалы да, франшизасы да емеспіз, шетелдік құрылтайшыларымыз жоқ, тауар белгіміз Қазақстанда тіркелген. 2008 жылдың тамызынан бері тәуелсіз тексерулер жүргіземіз, есептерімізді халықаралық сақтандыру компаниялары қабылдайды.
Қай жерлерде жұмыс істейміз?
Қазақстанның барлық өңірінде тексеруді өз сюрвейерлеріміз жүргізеді. Қытаймен шекарадағы Қорғасқа Алматыдан барамыз. Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Моңғолияда корреспонденттер желісі арқылы жұмыс істейміз. Барлық тапсырманы Алматыдағы орталық кеңсе үйлестіреді, есептер барлық жерде бір форматта жасалады.
Жиі қойылатын сұрақтар
Сюрвейер қаншалықты тез келеді?
Көп жағдайда біздің сюрвейер тапсырма алғаннан кейін бірнеше сағат ішінде орнында болады.
Кешке не демалыс күні шақыруға бола ма?
Иә. Жұмыстан тыс уақытта шұғыл шығу қосымша ақыға мүмкін, оны клиентпен алдын ала, сюрвейер шықпас бұрын келісеміз.
Тапсырма беру үшін не керек?
Коносамент не басқа көлік құжаты, бар болса претензия нөмірі, жүк пен зақымның қысқаша сипаттамасы және жүкті қарауға болатын мекенжай.
Сюрвейер орнында кім кінәлі екенін айта ма?
Жоқ. Орнында тексерудің алдын ала нәтижесін айтамыз, ал себебі туралы қорытындыны құжаттар мен барлық жағдайды тексергеннен кейін ғана жасаймыз.
Бізбен байланыс
Тапсырмалар мен сұрақтарды info@adsic.kz поштасына, +7 707 108 5758 телефонына және WhatsApp +7 777 250 9663 нөміріне қабылдаймыз. Сол жұмыс күні ішінде жауап береміз.